CaspianLife, 17 қыркүйек. Атырауда еліміздегі мұнай-газ химия саласындағы ең ірі бастамалардың бірі – жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы жүзеге асуда. Дәл осы стратегиялық жобаның аясында «Жергілікті құндылық, ортақ даму» атты ауқымды форум өтті
Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500-ден астам компания, Атырау облысы әкімдігінің, ҚР Энергетика министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның өкілдері, сондай-ақ инвесторлар мен салалық қауымдастықтар қатысты. Осы орайда, Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев жергілікті атқарушы орган тарапынан жаңа бастамаларға әрқашан қолдау болатыны туралы сөз етті.
«Силлено» ЖШС, италиялық Tecnimont (MAIRE) және қытайлық Sinopec Shanghai Engineering Corporation (SSEC) бірлестігі ұйымдастырған форумда қазақстандық өндірушілерді қолдау бағытына басымдық берілді. Қатысушыларға зауыттың полимерлеу қондырғысы мен шаруашылық нысандарын салуға қажетті жабдықтар мен материалдарды сатып алу жоспары таныстырылды. Бұл – отандық бизнес үшін миллиардтаған теңгенің жаңа мүмкіндігі.
Форумда «Силлено» компаниясының халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығына қосылуы туралы келісім жасалды. Сондай-ақ, қазақстандық жетекші институттар – «Казгипронефтетранс», «Промстройпроект» және «Институт Карагандинский Промстройпроект» жобалауға тартылатын болды. Бұл отандық инжинирингке жоғары технологиялық тәжірибе әкелмек. Ал MAIRE компаниясы алдағы 4 жылда жас мамандарға арналған инженерлік даярлау бағдарламасын іске қоспақ. Бұл түлектер тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де еңбек етуге мүмкіндік береді.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, мұнай-газ химиясын дамытуды стратегиялық бағыт ретінде қарастырады. Бұл – индустрияландырудың жаңа кезеңі, шикізат экспортынан терең өңдеуге көшудің шешуші сәті.