Теңіз бен Қашағанда, Қарашығынақта өндіріліп жатқан қазақ мұнайы қазір әлемге танымал. Әлемдік энергетика нарығында қазақ даласынан жетіп жатқан «қара алтынның» әр тамшысы маңызды. Brent пен Urals маркалы мұнай маркісінің бағасы халықаралық биржаларда күн сайын жарияланып, жаһандық экономиканың бағыт-бағдарын айқындап отырады. Бұл – Қазақстанның табиғи байлығының, стратегиялық маңыздылығының айқын дәлелі. Алайда, мұнайдың өзі ғана емес, оны өндіру мен игеру жолындағы сан алуан қызмет түрі де ерекше мәнге ие. Дегенмен, еліміздің мұнай-газ саласындағы сервистік қызмет әзірге әлемде кеңінен таныла қойған жоқ. Бұл сала әлі де қалыптасу, ізденіс пен даму кезеңінде тұр. Соған қарамастан, соңғы жылдары Қазақстандағы сервистік компаниялар батыл қадам жасап, өз әлеуетін халықаралық нарықта дәлелдеуге талпынып келеді. Инновациялық технологияны меңгеру, білікті кадр даярлау, әлемдік стандартқа сай қызмет көрсету – олардың алға қойып отырған мақсаты. Және Қазақстан мұнайын тек шикізат көзі ретінде емес, сонымен бірге сапалы сервистік қызмет көрсетудің орталығы ретінде әлемге танытуға тырысып жатқаны байқалады.
Бұл – еліміздің экономикасын әртараптандыруға, мұнайдан түскен пайданың игілігін халықтың әл-ауқатына барынша бағыттауға жасалған маңызды қадам десе болады.
Соңғы кездері Қазақстан мұнай-газ саласына қажетті жабдықтарды шетелден әкеліп қана қоймай, өзі де өндіріп, шығара бастады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында мұнай-газ машина жасау саласында 9 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен (6,4 млрд теңге) салыстырғанда 40 %-ға артық. Нақты көлем индексі 91,4 %-дан 126,4 %-ға дейін ұлғайған. Мұндай мәліметті QazIndustry АҚ Машина жасау саласын дамыту дирекциясы жария етті. «Саладағы өсім негізінен кран, клапан мен вентиль өндірісінің 93,8 %-ға артуының есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Өткен 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында аталмыш өнімдер өндірісі 3 млрд теңге болса, 2025 жылдың осы кезеңінде 5,9 млрд теңгеге дейін ұлғайған», – делінген хабарламада. Сондай-ақ, биыл тарату және шар клапандары мен шибер қақпақтарының өндірісі 525 тоннадан 1126 тоннаға дейін, яғни екі еседен астам ұлғайған. Осы сандарға қарап отырып, мұндай өсімнің тек ішкі сұранысты қанағаттандырып қоймай, экспортқа шығуға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Қазақстан мұнай-газ сервистік қызметін негізінен көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжанға шығарады. Энергетика министрлігінің 2023 жылғы дерегі бойынша, мұнай-газ сервистік қызмет экспорты 150 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл жалпы мұнай экспортындағы үлеспен салыстырғанда аз көрінгенімен, сервистік сектор үшін айтарлықтай жетістік. Мәселен, Өзбекстан жылына шамамен 60 миллиард текше метр газ өндіреді және оларда сервистік қызметке сұранысы жоғары. Қазақстандық компаниялар мұнда ұңғыма қазу, геофизикалық зерттеу және жабдық жеткізу бағытында жұмыс істеп жүр.
Әзербайжан да перспективалы нарық. «Шах-Дениз» және Каспий теңізіндегі басқа да жобаларға қазақстандық сервистік компаниялар қатыса бастады. Түркіменстанда да жаңа кен орындарын игеру жобалары бар, бұл да қазақстандық кәсіпорындар үшін әлеуетті бағыт.
Дегенмен, қазақстандық сервистік компаниялар тап болатын кедергі де баршылық. Petrocouncil.kz ақпараттық ресурсының мәліметіне сенсек, 2023 жылы қазақстандық мұнай сервистік компаниялардың небәрі 25%-ы ғана ISO және API стандартына сай өнім шығарған. Бұл көрсеткіш олардың халықаралық нарыққа шығуын тежейді. Және логистка жағынан да туындайтын мәселе бар. Ол — тәуелділік. Қазақстанның мұнайы, мұнай өнімдері мен сервистік жабдықтың басым бөлігі Ресей арқылы /транзит/ экспортталады. 2022 жылбан бастап санкциялық шектеу мен логистикалық қиындыққа байланысты тасымал құны 17%-ға өсті. Бұл сервистік компаниялардың бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әсер етті. Сондай-ақ, шетелдік нарыққа шығу үшін маркетинг, сақтандыру, кепілдік жүйесінің қажет екені белгілі. Алайда шағын және орта бизнес өкілдерінің біршама шығынды қажет ететін мұнадй жүйені көтере қоюы екіталай. Бұл жағына келгенде еліміздің үкіметі тарапынан сервистік компанияларды қолдау үшін экспорттық грант, субсидия қарастыру, QazTrade арқылы экспортты сақтандыру, шетелдік нарыққа шығуға арналған «KazakhExport» қолдау бағдарламасын енгізу туралы бастама көтерілді. Тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Осы орайда, KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс», деп қадап айтқан. Егер мұның бәрі жүйелі түрде іске асырыла берсе, Қазақстан Орталық Азиядағы мұнай-газ қызмет көрсету орталығына айналғалы тұр.
Қорыта келгендле айтарымыз — Қазақстан мұнай-газ қызметін экспорттау бағытында алғашқы қадамын жасай бастады. Бұл – жаңа бастама, болашақта көптеген мүмкіндіктің есігін айқара ашатын қадам. Саладағы жыл сайынғы өсім көрсеткіші де көңілге үміт ұялатады. Яғни қазақстандық сервистік компаниялар тек шикізат шығарумен айналысатын елдің қосалқы құрылымы емес, керісінше, бәсекеге қабілетті қызмет көрсетуші жаңа орталыққа айналу мүмкіндігіне ие. Әрине, мұндай мақсатқа жету оңай бола қоймас. Ол үшін ең әуелі халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеу мәдениетін толық игеру қажет. Әлемдік мұнай-газ нарығы қауіпсіздікті, сапа мен тиімділікті талап етеді. Сондықтан қатаң талап болуы шарт. Сонымен қатар, Қазақстан үшін басты міндеттің бірі – логистикалық тәуелділікті азайту. Қара алтынға бай елдің сервистік әлеуеті сыртқы факторларға байланбай, өз жолын өзі айқындай алуы тиіс. Сондай-ақ, қаржыландыру көздерін кеңейту де уақыт талабы. Инвестиция тарту, отандық капиталды жұмылдыру, инновацияға жол ашу – осының барлығы сервистік компаниялардың тұрақты дамуының кепілі. Егер осы бағыттағы жоспар-міндет жүйелі түрде жүзеге асса, қазақстандық мұнай-газ қызметі ішкі нарықпен шектелмей, бүкіл Орталық Азия мен Каспий аймағында беделді ойыншыға айналары сөзсіз. Бұл – тек экономикалық жетістік емес, елдің халықаралық беделін арттыратын, халықтың әл-ауқатын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық серпіліс болмақ. Лайым солай болғай!
Жанар Низамутдинова