Келіссөздердің басты экономикалық мақсаты — өзара тауар айналымын 15 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу болды. Салыстырмалы түрде айтқанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5,4 млрд долларды құраған.
Осы мақсатқа жетудің жол картасы ретінде сәуір айында өткен Үкіметаралық экономикалық комиссия отырысында қабылданған 67 тармақтан тұратын жоспар негізге алынбақ.
— Түркия біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бестігіне кіреді. Түркияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 6 миллиард долларға жетті, ал Қазақстанның Түркияға құйған инвестициясы 2,5 миллиард долларға жуықтады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар ол түркиялық серіктестерді озық тәжірибемен белсенді бөлісуге және Қазақстандағы қатысуын кеңейтуге шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы декларация қабылдауға келісті.
Сапардың ерекше символдық сәттерінің бірі — Режеп Тайып Ердоғанға Тәуелсіздік сарайында «Qoja Ahmet Yasaui» орденінің табысталуы болды. Түркия Президенті бұл марапаттың алғашқы иегері атанды. Аталған орден Әзірет Сұлтанның рухани мұрасын бейнелейді. Тоқаев бұл марапатты екі халықтың рухани бауырластығының белгісі деп атады.