Caspianlife, 14 мамыр. Жуырда Семей қаласында Абай облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен спорт журналисі, комментатор Амангелді Сейтхановты еске алуға арналған турнир өз мәресіне жетті.
Журналистер арасында өтетін дәстүрлі республикалық турнирге Атырау өңірінен де БАҚ қызметкерлері қатысты. Он екі комада бақ сынасқан тартысты додада Атырау құрамасы өз тобынан жеңіліссіз шығып, ширек финалда турнир жеңімпаздары, яғни, Абай облысынан пенальти сериясында есе жіберген болатын.
Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған футбол жарысына Атырау өңірі бастапқы жылынан қатысып келеді. Екі жыл қатарынан турнирдің қола жүлдегері де атанды.
Осы ретте, Атыраулық тілшілер байрақты бәсекеге қатысуына қолдау білдірген Атырау облысы әкімдігіне, облыстық ішкі саясат басқармасына және «Атырау» футбол клубының басшысы Болат Қонарбай мырзаға өз алғыстарын білдіреді.






