Caspianlife, 15 мамыр. Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында бокстан өткен U15 & U17 Азия чемпионатында қазақстандық жас спортшы Аманжан Жаңай 67 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Жас чемпион 2012 жылы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданына қарасты Таушық ауылында дүниеге келген. Спорттағы алғашқы қадамын туған ауылындағы спорт мектебінде бастаған Аманжан бүгінде ел мерейін үстем етіп, халықаралық аренада Қазақстанның көк туын биікке көтерді.
Спортшының бапкері Нұрлыхан Өтепбергеновтің айтуынша, Аманжанды спорт мектебіне алғаш рет 7 жасында әкесі алып келген. Алғашында дзюдо үйірмесіне қатысқан ол кейін өз қалауымен бокс спортына ауысқан.
— Аманжанның спортқа деген ынтасы бала күнінен ерекше болды. Әкесі үнемі қолдау көрсетіп, аудандық және облыстық жарыстарға қатысуына жағдай жасады. Бүгінде сол еңбектің нәтижесін көріп отырмыз, — дейді бапкері.
Сонымен қатар, оның туған ағасы Жаңай Дамир де өз салмағында танылып жүрген мықты боксшылардың бірі.
Жас спортшы 2024 жылы Қазақстан чемпионатына қатысқанымен, жүлдеге іліге алмаған. Алайда осы сәтсіздік оны жігерлендіріп, бапкері Нұрлыхан Өтепбергеновпен бірге екі жыл бойы тыңғылықты дайындық жүргізген. Соның нәтижесінде биыл Орал қаласында өткен Қазақстан чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Азия чемпионатына жолдама иеленді.
Айта кетейік, спортшы наурыз айында Өзбекстан Республикасының Чирчик қаласында өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанып, жарыстың «Үздік спортшысы» атағына ие болған.



