CaspianLife, 28 шілде. Атырау облысының прокуратурасы Солтүстік Каспий жобасының Операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының экологиялық заңнаманы сақтауын тексерді.
Атырау облысы прокуратурасының хабарлауынша, тексеру нәтижесінде экологиялық рұқсатсыз шамадан тыс шикі газды алауда жағу фактісі анықталған.
«Қадағалаушы органның актісі негізінде жер қойнауын пайдаланушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 356-бабы (Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Экологиялық залал ретінде бюджетке 3,6 млрд теңге толық көлемде өндіріп алынды», – делінген хабарламада.
Анықтама ретінде: Солтүстік Каспий жобасы – Каспий теңізіндегі мұнай-газ кен орындарын игеру бойынша Қазақстандағы алғашқы ірі жоба. Жоба үш кен орнын қамтиды: Қашаған, Қайран және Ақтоты. Алып Қашаған кен орны – соңғы ондаған жылда ашылған ең ірі мұнай кен орындарының бірі; оның алынатын мұнай қоры шамамен 9–13 миллиард баррельді (1–2 млрд тонна) құрайды. Қашаған кен орнының коллекторы Атырау қаласынан 80 шақырым қашықтықта, теңіз шельфінде, су тереңдігі 3–4 метр жерде орналасқан және 4 200 метр тереңдікте жатыр. Өндірістік нысандар теңіздік және құрлықтық кешендерден тұрады. 2016 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет Қашаған теңіз кен орнында мұнайдың коммерциялық өндіруі басталды.
Солтүстік Каспий жобасы 1997 жылы Қазақстан Республикасы мен ірі халықаралық мұнай-газ компанияларының консорциумы арасында қол қойылған Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлу туралы келісім (СРПСК) аясында жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта консорциум құрамына әлемдегі ең ірі және тәжірибелі жеті энергетикалық компания кіреді: «ҚазМұнайГаз» (16,88%), «Eni» (16,81%), «Shell» (16,81%), «Exxon Mobil» (16,81%), «TotalEnergies» (16,81%), CNPC (8,33%) және «INPEX» (7,56%). Әрбір акционер өз үлесін тасымалдау мен өткізуді, сондай-ақ өнімді бөлу және үкіметке есеп беруді дербес жүзеге асырады.
Жобаны басқаруды акционерлер атынан әрекет ететін оператор – NCOC компаниясы жүзеге асырады.