CaspianLife, 4 шілде. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мақат ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыс сапары аясында министр Атырау облысына барып, азаматтарды жеке қабылдап, Мақат ауданының тұрғындарымен кездесті және өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Халықпен кездесуде Ақмарал Әлназарова сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету министрлік қызметінің басым бағыты болып қала беретінін атап өтті. Мақат тұрғындары медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, дәрі-дәрмекпен және медицина мамандарымен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Министр денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтып, кешенді жұмыстардың арқасында өңірдегі негізгі медико-демографиялық көрсеткіштердің жақсарғанын жеткізді. Мәселен, бүгінде өңірде өлім-жітім деңгейі төмендеген:
- туберкулезден – 25%-ға,
- жазатайым оқиғалар, улану және жарақаттардан – 9%-ға,
- жалпы өлім-жітім – 7%-ға,
- қан айналым жүйесі ауруларынан – 6%-ға азайған.
2025 жылдың алғашқы төрт айында нәресте өлімі үш есеге жуық төмендеген – 9,91-ден 3,43-ке дейін (1 мың тірі туған балаға шаққанда).
«Кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесі енгізілді. Қазіргі таңда Атырау облысында бұл көрсеткіш 73%-ды құрайды. Сондай-ақ ауылдық жерлерге келген мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған, оның ішінде 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде бір реттік төлемдер бар. Сіздің өңіріңізде бұл қолдауды 11 дәрігер алды», — деді министр.
Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту жөніндегі талқылау барысында мамандар жұмысының жаңа бағалау моделі енгізілгені, жалпы практика дәрігерлерінің қабылдау уақыты ұлғайтылғаны, дербес мейірбикелік тәжірибелер мен жалпы практика дәрігерлері мен салалық мамандардың өзара әрекеттесу алгоритмдері енгізілгені айтылды.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында соңғы бір жыл ішінде республика бойынша медицина ұйымдарын дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен үздіксіз қамту шаралары қабылданған.
Сапар соңында Ақмарал Әлназарова облыс әкімдігі, медициналық ұйым басшылары және өңірлік денсаулық сақтау басқармасының өкілдерімен кеңес өткізді.
(Ақпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен алынды)