CaspianLife, 4 шілде. North Caspian Operating Company (NCOC) – Солтүстік Каспий жобасының Операторы – Қашаған кен орны іске қосылғаннан бері 1 миллиард баррель мұнай өндірді.
NCOC баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін, 4 шілде күні компания маңызды межеге жетті – Қашаған кен орнынан өндірілген мұнай көлемі 1 миллиард баррельді құрады.
«Бұл тарихи көрсеткіш – Солтүстік Каспий жобасының тұрақты өндірісі мен ілгерілеуінің дәлелі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесінің көрінісі», – делінген хабарламада.
Осы жетістікпен ұжымды құттықтаған North Caspian Operating Company компаниясының басқарушы директоры Джанкарло Рую былай деді:
«Бүгін біз Компания тарихындағы маңызды кезеңге жеттік: 2016 жылдан бастап Қашаған кен орнында өндірілген мұнай көлемі 1 миллиард баррельге жетті. Бұл жетістік – сансыз сағаттарға созылған қажырлы еңбек, тыңғылықты шешімдер мен өндірістік қызметке атсалысқан әр тараптың шынайы жанкештілігінің нәтижесі. 1 миллиард баррель межесі – біздің жүріп өткен жолымызға баға беріп, келешектегі жетістіктерге бет бұруға мүмкіндік беретін сәт. Үлкен ұжымымызға, Қазақстан Үкіметіне, жобаның акционерлеріне және барлық бизнес әріптестерімізге жемісті серіктестік үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз!» – деді.