CaspianLife, 3 шілде. Қазақстанда шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Биыл бұл мереке 6 шілдеге сәйкес келіп отыр.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі бұл мереке 2018 жылы Президенттің бастамасымен бекітілгенін еске салды. Ұлттық домбыра күні ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жастардың дәстүрлі мәдениетке қызығушылығын оятуға және ұрпақтар сабақтастығын насихаттауға ықпал етеді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мерекеге арналған республикалық іс-шаралар жоспарын бекітті. Биыл 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады, оның 200-ден астамы өңірлерде өтеді.
Мысалы, 6 шілде күні Алматы қаласындағы MEGA Alma-Ata ашық алаңында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестрінің мерекелік концерті өтеді. Сонымен қатар, Көк Төбе саябағында Құрманғазы атындағы оркестрдің «Dombyra party» атты салтанатты концерті ұйымдастырылады.
Астанада амфитеатр алаңында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт ұйымдастырылады.
Жамбыл облысында «Көне Тараз» археологиялық паркінде «Ұлттық домбыра күні – баба үніне құрмет» атты музыкалық кеш өтеді.
Түркістанда «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің алаңында «Домбыра-дастан» атты мәдени-көпшілік іс-шара өтеді.
Сондай-ақ, еліміз бойынша Домбыра күніне орай челлендж өтіп жатыр, оған 100-ге жуық танымал мәдениет қайраткерлері қатысқан.