CaspianLife, 27 мамыр. 1 маусымнан бастап жүк көліктердің қозғалысына жазғы шектеулер енгізіледі.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ ресми арнасының хабарлауынша, жаз мезгілінде республикалық маңызы бар автожолдарда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеулер енгізілетін болды. Бұл шаралар күннің ыстығында жол жамылғысын сақтауға және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Шектеу мерзімі:
- еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде 1 маусымнан 31 тамызға дейін;
- солтүстік және шығыс өңірлерінде 1 маусымнан 15 тамызға дейін.
Шектеулер +25°C жоғары ауа температурасы кезінде, күндізгі уақытта енгізіледі.
1 маусымнан 31 тамызға дейін сағат 10:00-22:00 аралығында келесі аймақтарда қозғалысқа шектеу қойылады:
- Алматы облысы;
- Атырау облысы;
- Жамбыл облысы;
- Жетісу облысы;
- Ұлытау облысы;
- Қарағанды облысы;
- Қызылорда облысы;
- Түркістан облысы;
- Маңғыстау облысы.
Компания мәліметінше, шектеулер жол жамылғысын қорғау мақсатында енгізіледі.
Жоғары температурада асфальт жамылғысы жұмсарып, ауыр жүктемеге төтеп бере алмайды. Бұл жол жабынының бұзылуына, ойықтар мен ақаулардың пайда болуына алып келеді.
(Сурет: ҚазАвтоЖол)