Caspianlife, 20 мамыр. Оқу жылының аяқталуы мен еліміз бойынша жоспарланған іс-шаралар туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ҚР Үкіметінің отырысында айтып өтті.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, оқу жылы «Білімім – Отанымa» атты бірыңғай сынып сағаттарымен аяқталады.
11-сынып түлектері үшін «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шараларды 23 немесе 24 мамырда өткізу ұсынылған. Бұл күн нақты мектептердің педагогикалық кеңесі шешімімен белгіленеді.
Аттестаттарды табыстау рәсімі 18-20 маусым аралығында өтеді. 9 және 11-сынып оқушылары үшін қорытынды аттестация 29 мамыр мен 16 маусым аралығына жоспарланған.
Биыл 11-сыныпты 217 мың түлек, ал 9-сыныпты 364 мың оқушы аяқтайды. 9-сынып оқушыларының алдында – мектепте оқуын жалғастыру немесе колледжге түсу туралы таңдау тұр.