CaspianLife, 29 сәуір. Кеше Бакуде Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Түркі сауда орталығында Қазақстанның сауда павильонының салтанатты ашылуы өтті.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шараға Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Қырғызстан мен Түрікменстан елшілері, Әзербайжанның Кәсіпкерлікті дамыту агенттігінің (KOBIA) төрағасы Орхан Мамедов, Қазақстан-Әзербайжан Іскерлік кеңесінің теңтөрағасы Даурен Бимов, Түркі сауда орталығының директоры Йылмаз Окуклу, парламент депутаттары мен журналистер қатысты.
«Бүгінде жаһандық геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер жағдайында біздің өңіріміздің рөлі артып келе жатқанын байқаймыз. Түркі әлемі халықаралық аренада маңызды ойыншы бола алады және болуға тиіс. Әрбір одақ немесе интеграция берік экономикалық негізге сүйенуі керек. Осы тұрғыда осындай бастамалардың қолға алынуы – қуантарлық жайт. Оның үстіне, бұл бастамалар көбінесе бизнес өкілдерінің ұсынысымен және тиісті құрылымдардың қолдауымен жүзеге асырылып отыр», – деді Әлім Байел өз сөзінде.
Түркі сауда орталығы – Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің кәсіпкерлеріне өз өнімдерін тұрақты түрде таныстыруға, іскерлік байланыстар орнатуға және халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік беретін алаң. Павильондарда ұлттық тауарлар, қолөнер бұйымдары мен тағамдар ұсынылған. Әрбір елдің мәдениетін бейнелейтін дәстүрлі дизайн мен атмосфераға ерекше көңіл бөлінген.
Орхан Мамедов мұндай сауда платформаларының түркі елдері арасындағы экономикалық әріптестікті дамытудағы және тауарлар мен қызметтер алмасуындағы маңызын атап өтті. Кәсіпкер Даурен Бимов бұл бастама арқылы кәсіпкерлер жиі кезігетін кедергілердің көпшілігі сауда павильондары арқылы шешілетінін айтты.
Шара аясында ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер қойылып, түркі халықтарының дәстүрлі тағамдары ұсынылды. Сонымен қатар, концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, онда қазақстандық студенттер Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындап, ұлы композитордың 100 жылдығына арналған презентация жасады.
(ҚР СІМ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)