CaspianLife, 20 сәуір. Мемлекет басшысының құттықтауы Ақорда ресми сайтында және баспасөз қызметінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланды.
«Бұл нұрлы мереке – рухани жаңғыру мен тазарудың, үміт пен қуаныштың символы. Биыл православтар, католиктер және протестанттар Пасха мерекесін бір күнде атап өтіп жатқаны – ерекше мәнге ие. Христиан діні басқа діндер сияқты қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады. Адамгершілікке негізделген биік құндылықтарды насихаттай отырып, Пасха дәстүрлері ежелден-ақ отбасылық құндылықтарды сақтауға, халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағын нығайтуға септігін тигізіп келеді. Олар адамдарды ізгілікке, өзара түсіністік пен келісімге үндейді.
Барлық этнос пен конфессия өкілдерінің арасындағы ұлтаралық татулық, өзара түсіністік пен келісім – еліміздің тұрақты дамуының берік іргетасы болып қала береді деп сенемін. Пасха мейрамы әрбір шаңырақты махаббат пен шаттыққа бөлесін! Барша азаматтарға зор денсаулық, амандық пен жасампаз істерде табыс тілеймін!», – делінген құттықтауда.