CaspianLife, 17 сәуір. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология факультетінің шетел тілдері кафедрасының оқытушылары география және табиғатты пайдалану факультетінің 1 курс студенттерімен бірлесіп, «ТДМ 4. Сапалы білім беру» тұрақты даму жобасы аясында «Қазақстанның киелі жерлері – ұлттық мақтанышымыз» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерді Қазақстанның киелі жерлерімен таныстыру, олардың мәдени-тарихи ескерткіштерге деген құрметін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарға баулу және азаматтық жауапкершілік пен патриотизм сезімін арттыру болды. Сонымен қатар, дөңгелек үстел қатысушыларын үздіксіз білім алуға, тарих пен дәстүрге құрметпен қарауға ынталандыру да басты назарда болды.
Аталған шараға С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің оқытушылары мен шетелдік студенттері қатысты. Дөңгелек үстелде қатысушылар Қазақстан мен Египеттің киелі жерлері бойынша мазмұнды презентациялар ұсынды. «Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі» мамандығының 1 курс студенті Сандуғаш Орынбаева мен «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығының студенті Ерасыл Ермекұлы Қазақстанның киелі нысандары жайлы қызықты деректермен бөлісті. Ал ҚазҰМУ-дың жалпы медицина факультетінің 3 курс студенті Абдуленин Мұстафа Египеттің мәдени мұраларына – Ніл өзені, Гизадағы пирамидалар кешені, Луксор мен Карнак ғибадатханаларына арналған танымдық баяндама жасады. Презентациялардан кейін студенттер белсенді пікір алмасып, тақырыпқа байланысты сұрақтар қойып, өз көзқарастарын білдірді. Египеттен келген студенттер Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы көптеген жаңа әрі қызықты мәліметтермен танысқанын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі, білім мен ғылымның ірі орталығы. Университет тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де танымал, беделді жоғары оқу орындарының қатарында. Мұнда сапалы білім беру, ғылыми зерттеулер жүргізу, жастардың зияткерлік және рухани дамуына жағдай жасау – басты мақсаттардың бірі. Университет қабырғасында ұйымдастырылатын осындай іс-шаралар студенттердің ой-өрісін кеңейтіп, олардың кәсіби, мәдени және азаматтық қалыптасуына зор үлес қосуда.
Атап өту керек, шет тілдер кафедрасының оқытушылары тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға белсенді атсалысып келеді. Кафедра ұжымы ТДМ аясында түрлі деңгейдегі танымдық, тәрбиелік және ғылыми іс-шараларды үнемі өткізіп, сапалы білім беру мен тұлға тәрбиесін үйлестіруде алдыңғы қатарда. Бұл кафедра – білім берудің ғана емес, рухани даму мен мәдени байланыстың маңызды орталығы. Оқытушылардың кәсіби шеберлігі, бастамашылдығы және жауапкершілігі білім беру сапасының артуына, студенттердің жан-жақты дамуына зор ықпал етуде.
Бұл дөңгелек үстел – түрлі елдердің жастары арасында мәдени байланыстар орнатуға, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Шараның қорытындысы ретінде, мұндай білім беру жобалары студенттердің дүниетанымын кеңейтіп, сапалы білім алуға деген ұмтылысын арттыратыны айқын көрінді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті шет тілдері кафедрасының аға оқытушылары Лаура Мәдібекқызы Алиярова, Салтанат Жұманазарқызы Абдиназарова.