CaspianLife, 15 сәуір. 31 мамырдан бастап Air Astana әуе компаниясы Атырау–Баку бағыты бойынша тікелей тұрақты рейстерді іске қосады.
Air Astana баспасөз қызметінің хабарлауынша, рейстер заманауи Airbus A320/A321 ұшақтарымен аптасына үш рет орындалады. Атыраудан Бакуге ұшу уақыты – 1 сағат 25 минут, ал кері бағытта – 1 сағат 35 минут.
«KC277 рейсі Атыраудан дүйсенбі және сенбі күндері сағат 18:30-да ұшып, Бакуге сағат 18:55-те жетеді. Ал сәрсенбі күндері рейс сағат 21:35-те ұшып, 22:00-де қонады. Бакуден Атырауға кері бағыттағы KC278 рейсі дүйсенбі және сенбі күндері сағат 19:55-те ұшып, 22:30-да жетеді, ал сәрсенбі күні рейс 23:00-де ұшып, келесі күні сағат 01:35-те қонады. Барлық уақыт – жергілікті», – делінген Air Astana баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ, билеттерді airastana.com ресми сайтынан, Air Astana мобильді қосымшасынан, сондай-ақ аккредиттелген онлайн және офлайн туристік агенттіктерден брондауға болады. Эконом-кластағы екі жаққа билет бағасы барлық алымдарды қоса есептегенде 96 527 теңгеден басталады, ал бизнес-класс үшін – 278 681 теңгеден.
Air Astana өкілдері жаңа Атырау–Баку бағыты компанияның Алматы–Баку бағытындағы қолданыстағы рейстерін толықтыратынын атап өтті. Жазғы маусымда бұл бағыттағы рейстер жиілігі дәстүрлі түрде аптасына үш ретке дейін артады. Бағыттар желісінің кеңеюі Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы саяхат және іскерлік сапарлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазақстан азаматтары үшін Әзербайжанға 30 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат етілген.