CaspianLife, 19 наурыз. Бұл туралы Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті (ЭТД) ұсынған ақпаратта көрсетілген. Онда 2023-2025 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар аясында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалады.
Аталған жоспарды Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) өзектендірген. Онда нақты көрсеткіш индикаторлары белгіленген. Жалпы, республикалық кешенді жоспар 2021 жылы көлеңкелі экономиканың деңгейін 19,75% көрсеткішінен бастады. Барлық мемлекеттік органдардың алдына бұл деңгейді 2023 жылы 18,2%-ға, 2024 жылы 16,6%-ға, ал 2025 жылы 15%-ға дейін кезең-кезеңімен төмендету міндеті қойылды.
ЭТД ұсынған мәліметтерге сәйкес, Атырау облысында 2021 жылы көлеңкелі экономиканың үлес салмағы 1,57% болған, 2022 жылы 1,48%-ға дейін төмендеген. 2023 жылы ең үлкен төмендеу тіркеліп, көрсеткіш 1,19%-ға жетті.
Аймақтағы оң динамика өнеркәсіп, оның ішінде тау-кен өндірісі, карьерлерді игеру, құрылыс, көлік және қоймалау салаларында байқалады. Сонымен қатар, «… барлық мемлекеттік органдардың үлесіне экономикалық тергеу департаменті де айтарлықтай үлес қосты» деп атап өтілген.
ЭТД-нің жедел-тергеу қызметінің статистикасы келесідей:
— 2022-2024 жылдары 1 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырып, салық төлеуден жалтарған «DELTA» тобының қызметі тоқтатылды.
— Сондай-ақ, өкілеттіктерді асыра пайдалану және немқұрайлылық фактілері бойынша аяқталған қылмыстық істер негізінде 2019-2024 жылдары қызмет атқарған АМӨЗ-дің (Атырау мұнай өңдеу зауыты) бұрынғы бас директорлары Ш.Данбай мен М.Досмұратов сотталды.
— Данбай ісі бойынша мемлекет пайдасына 2,9 млрд теңге өндірілді, ал Досмұратовқа қатысты 1,9 млрд теңгені қайтару жоспарлануда.
— АМӨЗ-дегі ең маңызды нәтижелердің бірі – зауыт сатып алатын қызметтер мен тауарлар тізбегіндегі артық делдалдарды жою болды.
— Мысалы, АМӨЗ-дің «ENERTEK», «NNS LTD», «KTR», «IQS» компанияларымен аутсорсингтік келісімшарттары бұзылды, бұл келісімдер бойынша зауыттың төрт цехы жабдықтарымен және қызметкерлерімен бірге осы фирмаларға берілген.
— Бұл өнімсіз делдалдардың жылдық табысы 7 миллиард теңгеден асып, жалпы алғанда 30 миллиард теңгеден астам қаржы бюджеттен тыс айналымға түскен.
— Сондай-ақ, прокуратураның бастамасымен сұйытылған мұнай газын сақтау паркіндегі 50% үлес мемлекетке берілді. Бұл нысанның жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайды.
Сонымен қатар, ЭТД өкілдері бұл көрсеткіштерге қарамастан, Атырау облысының әлі де көлеңкелі экономиканың үлесі бойынша Астана және Алматы қалаларынан кейін үшінші орында тұрғанын атап өтті.
Талдау нәтижелері бойынша Атырау облысындағы көлеңкелі экономиканың деңгейіне кері әсер ететін екі негізгі сала анықталды:
— «Ауыл шаруашылығы» – 0,01% өсім
— «Көтерме және бөлшек сауда» – 0,02% өсім
Осы салаларға қатысты индикаторлар мемлекеттік кірістер департаменті (МКД) мен ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік басқармаларының құзыретіне кіреді. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды бақылауға алу ұсынылады. Өз кезегінде, экономикалық тергеу департаменті көлеңкелі бизнесті заңды айналымға шығару бойынша жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.