Caspianlife, 11 наурыз. Мектептерге көктемгі каникул кезінде түрлі білім беру, спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру ұсынылады.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан мектептерінде көктемгі каникул 11 күнге созылады — 21 наурыздан 31 наурызға дейін. Оқушылардың көктемгі демалысын тиімді әрі қауіпсіз өткізу және олардың жеке дамуын қолдау мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары мен 1-4, 5-9 және 10-11 сыныптарға арналған гайдбук әзірленді. Демалыстың әр күні «Наурызнама» декадасымен байланысты және қоғамның маңызды аспектілеріне арналған: отбасылық құндылықтар, мәдениет, ұлттық дәстүрлер, қайырымдылық, спорт және т.б.
Мектептерде келесі білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шараларды өткізу жоспарланған:
- театр фестивальдері, қойылымдар мен фильмдер;
- шеберлік сыныптар;
- қауіпсіздік сабақтары;
- музейлерге, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
- спорттық ойындар;
- қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Осыған байланысты жол-көлік оқиғаларының алдын алу, мектептердегі ішкі тәртіп ережелерін сақтау, көшедегі қауіпсіздік шаралары, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылады.
«Аталған іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсынымдар ретінде жіберіледі», — делінген Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.