CaspianLife, 6 наурыз. Ақпанның соңы мен наурыздың басында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде ауа мен судың температурасы күрт төмендеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, осы кезеңде батыс бағыттағы желдер басым болып, мұз сынықтары жағаға қарай ығысып, бір-біріне тығыз жанасқан. Бұл жағдай теңіз итбалықтарының суға түсуіне мүмкіндік бермеген.
«Осылайша, ересек итбалықтар қоректену мүмкіндігінен айырылды. Ал жел мен су ағысының әсерінен мұздар жағалауға қарай жылжып, олардың үстіндегі жас итбалықтар да бірге келген. Ашыққан итбалықтар азық іздеп, Каражанбас пен Каламқас кен орындарының маңына шыққан, себебі күрделі ауа райы жағдайында бағыттарын жоғалтқан», – деп хабарлады комитет.
Осыған байланысты Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторлары Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдерімен бірге аталған өңірге аттанды. Алайда комитеттің мәліметінше, қатты боран, жел және қардың көп түсуі салдарынан жол жүру қиынға соғуда. Оқиға орнына жеткен соң жағдай бағаланып, итбалықтарды табиғи мекеніне қайтару шаралары қолға алынбақ.
Сонымен қатар, алдағы күндері жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерімен бірлесіп, әуе көлігі арқылы өңірге бақылау жүргізу жоспарлануда. Бұл жағдай ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті ведомствосының бақылауына алынды.
(Балық шаруашылығы комитетінің ақпараты бойынша)