Биылғы алты айда балық қорына қол сұғу қылмыстары азайған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға төмен дегенді білдіреді.
Полицейлер анықтаған 340-қа жуық табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактісінің 305-і браконьерлікке қатысты. Ал жыл басынан бері 57 қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшыларының сөзінше, оған бірден бір себеп – карантиндік шектеулердің енгізілуі.
Гүлназира МҰХТАРОВА, Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы:
– Браконьерлік қылмыстары үшін жауапкершіліктің қатаңдауы, алдын алу мен іздестіру шаралары және карантиндік шектеулердің нәтижесінде балық саласындағы құқық бұзудың азаюына әсер етіп отыр.
Аталған қылмыстық іс бойынша құқық бұзғандарға 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, тең жартысы өндірілген. Заңсыз айналымнан 9 тоннадан астам балық тәркіленсе, оның бір тоннаға жуығы – бекіре тұқымдастар. Бұдан бөлек, 300-ге тарта ау және жүзу құралдары да алынған.