2021 жылы Ақтөбе–Атырау трассасының құрылысы толығымен аяқталады. Соның арқасында Мақат және Қызылқоға аудандарындағы шалғай елдімекендер тұрғындарының тақтайдай тегіс жолмен жүру арманы орындалатын болды.
Сонымен қатар, Ақтөбеге апарар жол екі есеге қысқармақ. Жалпы ұзындығы 128 шақырым болатын Қандыағаш–Мақат аралығы келер жылы қолданысқа беріледі.
Жаңабай БАШАРОВ, құрылыс компаниясы АОФ директоры:
– Өткен ғасырдан бері жөндеу көрмеген бұл жолды жергілікті климатқа сай етіп барымызша сапалы жасауға тырысамыз. Барлығын келесі жылдың күзінде толығымен тапсыратын ойдамыз.
Барлық құрылыс материалы көрші аймақтардан сатып алынады. Бағасы төмен, әрі сапалы. Келген құрал-жабдықтар зертханада мұқият тексеріледі. Әр партияның беріктігі мен аязға төзімділігі алдын ала сыналады.
Халықаралық маңызы бар Ақтөбе–Атырау тасжолының құрылысына жергілікті тұрғындар да жұмылдырылған. Қырыққа жуық жұмысшы Қызылқоға ауданынан тартылды.
Ені 9 метрлік автожолдың құрылысы аяқталған бойда жарықшамдар орнатылып, аялдамалар пайда болмақ.