Атырау облысының әкімдігі биылға жоспарланған жиындарды өткізуден бас тартып, 5 млрд. теңгеге жуық ақшаны үнемдепті. Жергілікті журналистермен кездескен әкім Махамбет Досмұхамбетов осыны айтты.
Оның айтуынша, әкімдік адамдар көп жиналатын шаралардың бәрінен бас тарту арқылы бюджеттің 4,8 миллиард теңгесін үнемдепті. Енді олар жыл соңына дейін тағы да 900 млн. теңгені қысқартуды көздеп отыр екен. Үнемделген қаражат ең алдымен пандемияға қарсы күреске жұмсалады.
Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ, Атырау облысының әкімі:
– Бұл мақсатқа (пандемиямен күреске) 2,3 млрд. теңге бөлінді. Соның 777 млн. теңгесі «Атырау ӘКК» АҚ арқылы азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын құруға жұмсалды. Бұдан басқа, 1 млрд. теңге мектептерді дәретханамен, бейнебақылау жүйесімен жабдықтауға бағытталды. Сондай-ақ, үнемделген қаржыға медициналық жабдықтар сатып алынып, стационарларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді қалған қаржының бір бөлігіне өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуды жоспарлап отырмыз.