CaspianLife, 25 желтоқсан. 11:10-да «Қазаэронавигация» РМК-дан келесі ақпарат түсті: «Эмбраэр 190» AHY8243 ұшағы «Баку-Грозный» бағыты бойынша ұшып бара жатып, құстармен соқтығысуына байланысты шұғыл жағдай жариялаған және басқару жүйесінің істен шығуына байланысты Ақтау қаласына қонуға мәжбүр болған. Қону уақыты шамамен 11:25-ке жоспарланған. Оқиға орнына дереу ТЖД қызметкерлері (11 адам және 3 техника) аттанды.
Кейін ұшақ Ақтау халықаралық әуежайынан 3 км жерде апатқа ұшыраған.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, ұшақ бортында 105 жолаушы мен экипаж мүшелері болған.
Қазіргі уақытта оқиға орнына 52 қызметкер және ТЖД МО-ның 11 техникасы келіп, жұмыс істеп жатыр. Оқиға орнына жеткенде әуе кемесінің жанғаны анықталды. Құтқару бөлімшелері өртті сөндіру жұмыстарына кірісті. Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен тірі қалғандар туралы ақпарат нақтылануда.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, алты адам аман қалды. Барлығы ауыр халде. Ұшақ құлаған жерде 14 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр, дейді министр.
Оқиғаның мән-жайы нақтыланады. Арнайы тергеу жүргізіледі.