Жансая мен Алмагүл – бүгінгінің батырлары. Олар халықтан жиналған қаражатқа мұқтаж жандарды дәрі-дәрмек және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіп жүр.
Еріктілер дәріханадағы кезек пен қажетті дәрі тапшылығын бастан кешкендіктен шұғыл әрекетке көшкен. Сөйтіп инстаграм желісі арқылы қаржы жинауға ұсыныс тастапты. Нәтижесі қатты таң қалдырды. Қайырымды жандардан минут сайын ақша түсіп отырған. Жиналған қаражатқа медициналық препарат, жеке қорғаныш құралы, пульсоксиметр, Бобров аппараты секілді бірінші кезектегі өнімдер сатып алынған.
Жансая ҚАЙРАТОВА, ерікті:
– Дәрі-дәрмектерге Астраханға тапсырыс бере бастадық. Олар күн сайын қораптап келетін және сол күні-ақ бәрін таратып жүрдік. Мұқтаж жандар келіп алып кетеді. Бәріне жету үшін әр адамға шектеулі мөлшерде үлестірдік.Алмагүл НӘЖІКЕНОВА, ерікті:
– Инстаграмнан Жансаяның жазбасын көрдім. Жап-жас қыздың дәрі жетіспеушілігін шешу мәселесін қолға алғаны мен таң қалдырды. Осы індет кезінде әжеміз де көз жұмған болатын. Содан кейін басқа адамдар тек дәрі мен аппарат жетіспеушілігінен қиындық көрмесінші деп қайырымды іске атсалысуды шештім.
Ал дәрі тасу, көлікпен қамтамасыз ету және келген заттарды сақтайтын орын дайындау секілді жұмыстарда басқа да жастар қол ұшын созған. Қазір еріктілер Атырау облыстық кардиология орталығымен тығыз жұмыс жасауда. Себебі, ол жерде де коронавирустың ауыр түріне шалдыққандар аз емес. Орталықтың бас дәрігері Марат Қонысовтың айтуынша, медициналық мекемедегі 250 қызметкердің қатарында да осы дертпен ауырып жазылғандар және әлі де айықпағандары бар. Бірақ олардың ешқайсысы ауруханадан шығарылмаған. Осындай жағдайда еріктілердің көрсеткен көмектері көп пайдасын тигізіпті.
Марат ҚОНЫСОВ, облыстық кардиология орталығының бас дәрігері:
– Бұл жерде еріктілердің атқарып жүрген жұмысын елемеу мүмкін емес. Қол ұшын созған кәсіпкерлер де қаншама?! Көбін көзбен көрмедік те. Бірақ Алмагүл мен Жансая бәрімізге таныс. Олар қауіпті індетпен күрес жолындағы алғашқы күндерден бастап біздің жанымызда. Әрине, күнделікті көмектесіп, жоғымызды тауып беріп жүрген басқа еріктілерге де алғысымыз шексіз.
Ауыр індетпен бетпе-бет келген ақхалаттылар үшін өткен айлар түрлі қиындығымен есте қалмақ. Медициналық маска мен респираторлар тапшылығы, қорғаныш киімдері мен дәрі-дәрмектің жоқтығы жығылғанға жұдырық болғандай. Дегенмен қазір жағдай реттеліп келеді. Оған еріктілердің қосқан үлесі зор. Есімдерін жарияламауды өтінсе де, Жансая мен Алмагүлдің жақсылығын жасырғанды жөн санамадық. Олар – әр жасқа үлгі.