Карантин енгізілгелі дәріханалар мен азық-түлік сататын нысандарда тексеріс көбейді. Ал кәсіпкерлер өз обьектісіне арнайы мониторингтік топ мүшелері келген кезде құқықтарын білмей дал. Себебі, өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында профилактикалық бақылау мен қадағалау жұмыстарын жүргізуді үш жылға дейін тоқтату туралы мораторий жарияланған болатын.
Мәди ТОҒЫБАЕВ, Атырау облыстық құқықтық статистика және есепке алу комитетінің прокуроры:
– ҚР Кәсіпкерлік кодексіне келетін болсақ, бақылау және қадағалау тексерістері және түрлері бекітілген. Егер аталған кодексте бақылау және қадағалау түрлері бекітілмеген болса, құқық қорғау органдарының немесе басқа да арнайы органдардың тексерістері аталған заңнама негізінде тіркеусіз жүргізіледі. Қазіргі тексерістер – Алексей Цойдың бұйрығы негізінде, ал сәуір-маусым айларында бұрынғы министр Елжан Біртановтың бұйрықтары негізінде жүзеге асырылып келді.
Алайда кәсіпкерлік субьектілер өздеріне қатысты жүргізіліп жатқан бақылаудың заңдылығын анықтау үшін мониторингтік топ өкілдерінен тексеріс негіздемесі мен қажетті құжаттарды талап ете алады. Сонымен қатар, құқықтарын qamqor.gov.kz сайты арқылы біле алады.
Мәди ТОҒЫБАЕВ, Атырау облыстық құқықтық статистика және есепке алу комитетінің прокуроры
– Қоғамдық топтардың кәсіпкерлік субьектілеріне қатысты іс-шаралар қабылдау немесе тыйым салу құқықтары берілмеген. Аталған топтар коронавирустың таралуы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Ал топтармен тексеріс жұмыстарын жүргізу, оның ішінде кәсіпкерлік қызметімен айналысуына кедергі келтіру заңмен тыйым салынады.
Прокурордың айтуынша, егер қоғамдық бақылау тобының өкілдері кәсіпкерлерлік нысаннан құжат талап ететін болса, заңмен жауапкершілікке тартылады.