CaspianLife, 13 желтоқсан. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев Жылыой және Махамбет аудандарына, Құлсары мен Атырау қалаларына жасаған жұмыс сапары барысында айтты. Ол елді мекендерді тасқын судан қорғау жұмыстарын тексерді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жылыой ауданында Қамыскөл көлінің жағалауы бекітілуде. Жем өзенінің 23 км арнасы және Құрсай каналының 35 км тереңдетілді. Нысандарда 100-ден астам техника жұмыс істеуде. Құлсары қаласында Қанат Бозымбаев тұрғындармен кездесіп, тасқыннан зардап шеккендерге салынған тұрғын үйлердің сапасын тексерді.
Махамбет ауданында – Жайық өзені бойындағы жағалауды нығайту жұмыстары тексерілді. Махамбет ауылында ұзындығы 4,5 км болатын жағалау бекітілуде. Махамбет пен Сарытоғай ауылдары арасындағы көпір құрылысы аяқталды. Ішкі ауылдық жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Атырау қаласында – Талғайран, Ақжар және Еркінқала ауылдарында қорғаныс дамбалары салынуда. Алмалы ауылында Сарыөзек каналы бойымен ұзындығы 5,6 км болатын дамбаларды нығайту және өзен бойында ұзындығы 2,5 км жаңа жағалауды бекіту құрылымдары салынып жатыр.
Жайық өзені, Соколок каналы және Каспий теңізі арасындағы негізгі байланыс болып табылатын Гоголь каналының арнасын тазалау және кеңейту жұмыстары жалғасуда. Жалпы ұзындығы 30 км, ені 18 метр, тереңдігі 2 метр болатын каналдың түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда ұзындығы 9,5 км болатын учаскеде жұмыстар аяқталды.
Су тасқыны маусымы басталғалы бері Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын жеріндегі сағасын тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Жоспарланған жұмыстардың жалпы ұзындығы 10 км болса, оның 9,5 км-і аяқталды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген және жыл соңына дейін іске қосылатын «Tasqyn» тасқындарды болжау және модельдеу жүйесінің жұмысы көрсетілді.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, қыс жылы болады, қар көп жауады. Сондықтан біз алдын ала барлық шараларды қабылдап, мүмкін болатын сценарийлердің бәрін ескеруіміз қажет. Жұмыстардың қарқынын арттыру керек: мердігер ұйымдарды екі ауысымға көшіру, қосымша күштер мен техниканы тарту қажет. Төтенше жағдайлар министрлігіне өңірдегі барлық су тасқынына қарсы іс-шараларды бақылауға алып, мониторинг жүргізуді тапсырамын», — деп тапсырды Қанат Бозымбаев.
(Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)