CaspianLife. 28 қазан. 2026 жылдың тоғыз айында Қазақстандағы емханаларда 8 миллионнан астам скринингтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 150 мың адамның бойынан алғаш рет ауыр дерттер мен ауру қаупі анықталған. Олардың қатарында қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары және онкологиялық дерттер бар.
Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының мәліметінше, глаукомаға тексеруден 1,74 миллион адам өткен. Олардың 4,6 мыңға жуығы диспансерлік есепке алынды. Дәрігерлер олардың денсаулығын тұрақты бақылап, қайта тексерулер жүргізіп, тиісті ем тағайындайды.
Қант диабетіне 1,66 миллион адам тексеріліп, 30,7 мыңы есепке қойылған. Ал гипертония мен жүректің ишемиялық ауруына қатысты скринингтен 1,47 миллион қазақстандық өткен. Олардың 97 мыңы дәрігерлердің бақылауына алынған. Ми қан тамырларының жағдайы 281 мың адамға тексеріліп, 14,2 мыңына тұрақты медициналық бақылау қажет болған.
Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға да ерекше көңіл бөлінді. Сүт безі обырына 1,09 миллионнан астам әйел, жатыр мойны обырына 777 мыңнан астам әйел тексерілген. Ал тоқ ішек пен тік ішек обырына арналған скринингтен 1,35 миллион адам өткен.
Тексеру нәтижесінде сүт безі обырының 2 037 жағдайы, жатыр мойны обырының 374 жағдайы және ішек ісіктерінің 601 жағдайы анықталған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтар кейбір скринингтік тексерулерден белсендірек өте бастаған. Атап айтқанда, глаукомаға тексерумен қамту көрсеткіші 91%-ға жуықтаса, қант диабеті бойынша 84%-дан асқан. Ал жүрек-қан тамырлары ауруларына қатысты тексерулердің қамту деңгейі 5%-ға төмендеген. Министрлік бұл өзгерістің себебін әзірге түсіндірмеген.
Скринингтік бағдарламаның ауқымы да кеңейіп келеді. Енді тексеруден өтудің жоғарғы жас шегі 76 жасқа дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар 50-ден 76 жасқа дейінгі ер адамдар ми қан тамырларын арнайы тексеруден өте алады.
Дереккөз: «Курсив»

