CaspianLife. 28 қазан. Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Жаңа норма келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында мәлімдеп, Үкіметке бірқатар ауқымды міндет жүктеді.
«Бұл шараны келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру 1,8 миллион адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Тоқаев.
Президент басым бағыттардың бірі ретінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуды атады. Елде сегіз заманауи перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының айтуынша, балалар ауруханалары Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында бой көтереді. Ал Астанада тағы екі медициналық нысан салынады. Тоқаев бұл жұмыстарға жеке капитал тартудың маңызын атап өтті.
Президент келесі жылды Жалпыұлттық құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Жоспарға сәйкес, өңірлерде жолдар, әуежайлар, вокзалдар, медициналық мекемелер, оңалту орталықтары, спорт кешендері мен кітапханалар салынып, жөнделеді.
«Жалпыұлттық құрылыс аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Экономиканың негізгі салаларын дамыту үшін өнімді терең өңдеуге бағытталған жобаларға басымдық берілуі керек. Ірі инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыруға аса қажет құрылыс материалдары, металл конструкциялар мен инженерлік жабдықтар елімізде өндірілуі тиіс. Мұндай жобалар Жалпыұлттық құрылыс бағдарламасының негізіне айналуы керек», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің әкімшілік жүктемесін азайту мәселесіне тоқталды. Үкіметке салық заңнамасындағы қайшылықтарды жою және кәсіпкерлерге артық салмақ түсіретін нормаларды қайта қарау тапсырылды. Бұдан бөлек, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске қатысты тексерулерге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылау ұсынылды.
«Бұл ретте 2020-2023 жылдары қолданыста болған микро және шағын бизнесті тексеруге мораторий тәжірибесі пайдалы. Оның тиімділігі дәлелденді. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, бұрынғы мораторийдің оң және теріс жақтарын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынамын. Бұл қадам бақылау және қадағалау жүйесін жаңғыртып, реттеудің цифрлық үлгісіне көшуге мүмкіндік беретін стратегиялық үзіліс ретінде қарастырылуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Құрылтай депутаттары мен Үкіметке жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу де тапсырылды. Президент құжатты келесі жылдың соңына дейін қабылдауды ұсынды.
Тоқаев инклюзивті білім беру мәселесіне де ерекше назар аударды. Қазір Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тұрады. Президент инфрақұрылымды дамыту, кадр тапшылығын азайту және балалар арасындағы ауруларды ерте диагностикалау бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: akorda.kz

