CaspianLife. 29 қазан. Қазақстанның 20 өңірінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа үлгідегі мектептер ашылады. Жоспар бойынша 1 мың орындық арнайы мектептер салынып, өңірлерде оңалту және сауықтыру кабинеттері бар тағы 600 орындық нысандар құрылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Қазір елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тұрады. Оларға 541 арнайы білім беру ұйымы қызмет көрсетеді. Алайда бұл бағытта тек ғимараттар салу жеткіліксіз. Сондықтан министрлік мамандар даярлауға да басымдық беріп отыр.
Қазіргі уақытта 17 педагогикалық жоғары оқу орны мен тоғыз колледжде тиісті мамандар даярланады. 2027 жылы колледждерден 500-ден астам логопед түлеп шығуы тиіс. Мектептерде балаларға жеке қолдау көрсететін 7,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді. Сонымен қатар алты колледжде осы мамандық бойынша кадр даярлау басталып, 210 студент оқуға қабылданған.
Балаларға консультациялық көмек алу да жеңілдейді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларды (ПМПК) қазіргі 50 мың баланың орнына 40 мың балаға шақтап ашу ұсынылды.
Мұғалімдердің қағазбастылығын азайту мақсатында міндетті құжаттар саны 25-тен 5-ке дейін қысқартылады. Бұдан бөлек, білім беру саласында Ұлттық білім беру деректер базасы мен қала және ауыл мектептеріндегі білім сапасының алшақтығын азайтуға көмектесетін жасанды интеллект платформасы енгізіледі.
Жұмысшы мамандықтарын даярлау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазір техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 577 мыңға жуық адам білім алып жатыр. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 681 мыңға жеткізу жоспарланған.
480 колледжде 131 мыңнан астам студент жұмысшы мамандықтарын меңгеруде. Жыл сайын 51 мыңнан астам маман даярланады. Сонымен қатар 13 мыңға жуық студент құрылысшы мамандығын оқып жатыр.
Дереккөз: Kapital.kz
Фото: time.kz

