CaspianLife. 28 қазан. Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталды. Бұл туралы, сондай-ақ кадрлық шешімдер мен алдағы шаралар жөнінде Қазақстан вице-президенті Ерлан Карин мәлімдеді.
Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету, оқиғаны жан-жақты әрі объективті тергеу және мұндай жағдайдың қайталануына жол бермейтін шараларды әзірлеу мәселелерін жеке бақылауына алған.
Елде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланып, қаза тапқан әскери қызметшілердің барлығы қайтыс болғаннан кейін «Айбын» орденімен марапатталды.
«Ең бастысы – мемлекет оқиғаға жедел әрекет етіп қана қоймай, оның түпкі себептерін жоюға бағытталған жүйелі әрі кешенді шешімдер қабылдап жатыр», – деп атап өтті Ерлан Карин.
Сотқа дейінгі тергеу Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Вице-президенттің хабарлауынша, тергеушілер алғашқы кезектегі қажетті шараларды жүргізген.
«Құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеуді бастады. Алғашқы тергеу және процестік әрекеттер жүргізілді. Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталды», – деді Ерлан Карин.
Президент Қорғаныс министрлігінің басшылығын ауыстырып, ведомствоның жаңа басшысын тағайындады. Сонымен қатар армиядағы жағдайды тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.
Әскери бөлімдерге қаржылық және материалдық-техникалық аудит жүргізіп, оның алғашқы есебін жеті күн ішінде Тоқаевқа ұсыну тапсырылды. Ал тағы он күннен кейін қорғаныс ведомствосын толық қайта құру жөніндегі құжат дайындалуы тиіс.
Қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуге бірқатар азамат атсалысуға ниет білдірді. Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар марқұмдардың жақындарына қаржылай және моральдық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Қаражат жинау үшін арнайы қайырымдылық қоры құрылды. Жиналған ақшаның бөлінуін Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқаратын арнайы қоғамдық комиссия қадағалайды.
Бұған дейін Ерлан Карин Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері мен бейінді мемлекеттік органдардың басшылары қатысқан идеологиялық кеңес отырысын өткізген болатын. Жиында Тоқаевтың халыққа Жолдауында жариялаған бастамаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Фото: liter.kz

