Атырауда әлеуметтік жағдайы төмен 100 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Тізім облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына түскен өтініштер мен телеграм чатына келген сұраныстар негізінде жасақталған.
Басқармадағылар өңірдегі қос құрылыс компаниясына ұсыныс жіберіп, әрқайсысы 15000 теңге тұратын қораптар мұқтаж жандарға үлестірілді.
Серік ҚАМИДОЛЛА, Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– Осы өтініштерін халықтың қамту бағытында біз Сичим мен Сенімді құрылыс компаниясына ұсыныс берген болатынбыз. Қазір осы екі компания елу-елуден 100 адамға өздерінің әлеуметтік көмегін көрсетіп жатыр. Оның барлығы еріктілер арқылы мұқтаж азаматтарға таратылатын болады. 100 адамның ішінде үй жалдап отырған 1, 2, 3 баласы бар жалғызбасты аналар бар. Себебі, бұлар әлеуметтік ешқандай жәрдемақы алмайды.
Сондай-ақ, бұл тізімге көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты аналар кірді.
Айнұр БАЙДАБАЕВА, Атырау қаласының тұрғыны:
– Сіздерге көп рақмет. Алғысым шексіз. Көпбалалы және ІІ топтағы мүгедек анамын. Телеграм-чатқа жазып, көмек сол арқылы жетіп отыр.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының айтуынша, өңірде әлеуметтік жәрдемақы алатын 200 мыңнан астам тұрғын бар. Оның 41 мыңына бір реттік азық-түлік алу үшін жалпы көлемі 228 млн. теңге болатын қосымша ақша төленуде.