Биыл жол-көлік оқиғасы 56,7 процентке азайған. Мұның негізгі себебі – карантиндік шектеулер кезінде автокөліктердің қозғалысына тыйым салынуында, – дейді полицейлер. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 35 көлік апаты болса, былтыр дәл осы уақытта 81 оқиға тіркелген. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы жол көлік оқиғасы да 73,3 процентке кеміген.
– Биыл 6 адам қаза болса, былтыр 10 адам қайтыс болған және осы жылы 36 адам әр түрлі дене жарақатымен ауруханаға түссе, өткен жылы 94 адам дене жарақатымен ауруханаға жүгінген. Наурыз айынан басталған карантин және төтенше жағдайға байланысты автокөліктердің жүріс-тұрысы азайған болатын. Көрсеткіштің төмендеуіне негізгі себеп осы, – дейді Атырау қаласы полиция басқармасының бастығының бірінші орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВ.
Жалпы алғанда, алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша көлік жүргізушілері тарапынан 30 мыңға жуық жол жүру ережесі бұзылған.