Ақтауда көпбалалы он шақты ана өңір басшысынан көмек сұрап, облыс әкімдігінің ғимаратына жиналды. Ішінде Үкіметтен берілетін жәрдемақымен күнелтіп, пәтер жалдап жүргендері де бар. Олар алдағы тамыз айында алатын атаулы әлеуметтік көмектің қысқартылмауын өтінеді.
– Атаулы әлеуметтік көмекпен пәтерақыны төлеп отырған едік. Ал енді 4 баладан бастап берілетін өзімізге тиесілі жәрдемақыны кіріс ретінде есептеп, тамыздағы АӘК-ті қысқартпақшы, – деп шағымданады көпбалалы ана Гүлсәнім Аламбаева.
Көпбалалы аналардың сөзінше, олар ай сайын кідіріссіз АӘК алып отырған. Неге екені белгісіз, заң бойынша берілуі тиіс көмек тұралап қалыпты. Ал келер айдан бастап, тіпті, бұл жәрдемақы қысқаратын көрінеді. Жиналған әйелдер осы үшін алаңдаулы.
– Бірінші және екінші тоқсанда бізге 100 мың теңге көлемінде ақша берілгені рас. Бірақ осы ақша үшінші және төртінші тоқсанда, нағыз карантиннің кезінде неге берілмейді? – деді көпбалалы аналардың бірі Ақсұлу Алмасбаева.
Көбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы ай сайынғы кіріс көзіне қарай есептеледі. Ондай заң әуелден бар дейді әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі.
– Аталып отырған көмек отбасының табысына қосылатыны туралы заң әуелден бар. Отбасының табысы көбейген сайын атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері азаяды, – деді Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшсының орынбасары Жайсангүл Досболова.
Қазіргі уақытта Ақтауда 800-ге жуық көпбалалы ана тіркелген. Олардың 300-ден астамы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр.