Атырау аспанын қара түтінге ораған ұшақ тұрғындардың ойын сан-саққа жүгіртті. Бірі зиянкес жәндіктерді улады деп болжаса, енді бірі дезинфекция деп топшылады. Тіпті, ауа арқылы вирус таратып жатыр деп күдіктенгендер де болды…
Әуежай мамандары осы пікірлердің барлығын жоққа шығарды. Олар бұл құбылысты әуе кемелерінде кездесетін әдеттегі жағдай деп түсіндірді.
– Бұл – 1960 жылдары шығарылған АН-12 әуе кемесі. Өте ескі. Ұшу режимінде қоспаның әдеттегі байытылуы нәтижесінде қара түтін пайда болды. Бұндай жағдай тек әуе кемелерінде ғана емес, автокөліктерде де кездесіп жатады. Сондықтан тұрғындардан жалған ақпараттарға сенбеуін өтінеміз, – деді Атырау халықаралық әуежайының инженерлік-авиациялық қызметінің бастығы Андрей Ким.
Оның айтуынша, АН-12 жүк ұшағы Атырауға аптасына екі рет қатынайды. Ал қара түтін, әсіресе, ауа температурасы жоғарылаған кездері анық байқалатын көрінеді.