Бұған дейін берісі әлеуметтік желі, әрісі парламент мәжілісінде көтеріліп келген мәселенің түйіні шешілгендей болды. Бірінші сынып оқушылары қыркүйектен бастап «Сауат ашуды» емес, қайтадан «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитыны туралы Білім және ғылым министрінің өзі жазды.
Министр Асхат Аймағамбетов өзінің фейсбуктегі парақшасына жаңа оқу жылының алғашқы екі тоқсанында шәкірттер «Әліппені» оқыса, үшінші және төртінші тоқсанның оқу бағдарламасына «Ана тілі» қосылатынын жариялады.
Сонымен қатар, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда да «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізілетін болды.
Аймағамбетов айтқан «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалып жатыр. Оқулық дайын болысымен алдын ала кей мектептерде сынақтан өткізіледі.