CaspianLife, 2 шілде — Атырау қаласында жарықтың тарифі 35 пайызға көтерілді. Бұрын электр энергиясын тасымалдау құны 7,37 теңге болса, енді ол 9 теңге 98 тиынға дейін өсті.
Бұл мәселе биыл сәуір айында өткен қоғамдық тыңдау кезінде талқыланған болатын. Тыңдау нәтижесінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті монополистердің ұсынысын қабылдауды жөн көрді. Осылайша, алдағы бес жыл ішінде монополиялық субъектілер көтерілген тариф есебінен желілердің тозу деңгейін төмендетіп, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге міндетті болды.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегенов былай деді:
«Инвестициялық бағдарламаның жобасы 20 миллиард теңге болатын. Бірақ департамент 15,6 миллиард теңге ғана бекітті. Бағдарламада көрсеткен шаралар автоматикалық есеп-құралдарды қондыру және желілерді жаңғырту және басқа шаралар. Ынталандыру әдісі бойынша айтсақ, бұл жаңа әдіс. Ол арқылы департамент субъектке қосымша еркін пайда береді. Сонымен қатар департамент арнайы тиімді көрсеткіштерді бекітеді. Бұл көрсеткіштер жоғалту, тозудың, апаттың төмендеуі және жөндеу жұмыстары. Бұл көрсеткіш орындалмаса еркін пайдалануды төмендетуге департаменттің құқығы бар».
Бұдан кейін, көп ұзамай «Атырау Энергосату» ЖШС өз қызметінің құнын арттыруға ұсыныс жасамақ. Бұл ұсынысты көпшілік талқысына салу мақсатында қоғамдық тыңдау өткізілмек. Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы алдағы уақытта осы ұсынысты көптің талқысына салу мақсатында қоғамдық тыңдау өткізілетінін мәлімдеді.