Атырау облысында жеке зейнетақы шоттарының саны 2700-ге көбейген. Мамандардың айтуынша, ең көп ашылған мезгіл – сәуір мен мамыр айлары.
Жалпы республика бойынша биыл зейнетақы шоттарының саны 1 миллионға артып, 11 миллионнан асты. Сондай-ақ, азаматтардың зейнетақы жарнасының көлемі де артқан. Бұл көрсеткіш облыс бойынша 29 млрд. теңгеге жетіп отыр. Атырау облысы бойынша бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден 42 млн. теңге түскен. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» ұсынған ақпаратқа сүйенсек, биыл өңірде белсенді салымшылардың көбейгенін байқауға болады.
– Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты БЖЗҚ салымшылары қызметтерді толық көлемде алуда. 2020 жылдың 1 маусымында қор қызметтерінің 90%-ынан астамы электронды форматта көрсетілген. Ал осы жылдың алғашқы 6 айында қордың салымшыларына 8,2 миллионнан астам қызмет жасалған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 7,3%-ға жоғары, – деді БЖЗҚ Атырау облыстық филиалының маманы Айбек Бағытов.