CaspianLife, 30 наурыз — Атырау облыстық мәслихатының жаңадан сайланған депутаттары жұмысқа кірісе бастады. Олар әуелі мәслихат төрағасының кандидатурасын анықтап алды деп хабарлайды сaspianlife.kz . Бұл орынға Мұса Хайруллиев отырды.
Жаңа төрағаның негізгі қызметі — «Азаматтарға арналған үкімет» МК-ның Атырау облысы бойынша филиалының басшысы. Сессия барысында тұрақты 4 комиссияның құрамы және төрағалары сайланды. Қаржы-қаражат, экономика, өңірлік даму мәселелеріне Абдолла Ідірісов, экология, агро, табиғатты пайдалану жағына Арман Хайруллин басшылық етсе, әлеуметтік-мәдени мәселелер жөніндегі комиссияның төрағасы болып Нұрлыбек Даралиев сайланды. Ал, Ермекқали Юсупов заңдылықты сақтау, депутаттық-этикалық, құқық қорғау мәселелері жөніндегі комиссияны басқарады. Сессияға қатысқан облыс әкімі Серік Шәпкенов депутаттарға сәттілік тілеп, үміт артты. Серік Шәпкенов депутаттарға сайлауалды науқанда халыққа берген уәдені ұмытып кетпей, орындау керектігін ескертті. Сессия кезінде 19 наурыздағы сайлау қорытындыланды. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың сөзінше депутаттардың жалпы саны – 30. Жаңа құрамның ішіндегі 17 адам қайта сайланған.