CaspianLife, 17 наурыз — Осы уақытқа дейін «Артспорт» платформасымен тып-тыныш жұмыс істеп, кейін «Даму балаға» ауысқан 30 шақты кәсіпкер наразылық білдірді. Айтуларынша жаңа платформаға көшкелі, яғни ақпан айынан бері еңбекақыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды Caspian Life Caspian News арнасына сілтеме жасап.
Кәсіпкер Мерует Құсайынова 300-дей баланы тегін үйірмемен қамтып отыр. Бірақ, үкіметтен қаржы бөлінбей жатқандықтан жұмыс істеу қиын болып бара жатқан көрінеді. 300 оқушыны бірден босата салуға да негіз жоқ, — дейді ол.
Мәдениет басқармасындағылар кәсіпкерлердің шығынын өтеп беруге қолданыстағы заң қолбайлау болып тұр дейді. Себебі платформа ауысқалы бері бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлермен жұмыс істеу механизмі нақтыланбапты. Сондықтан шешім қабылдау қиын болып отырған көрінеді.
Қорыта келгенде ондаған үйірме жабылып, балалардың далада қалатын түрі бар. Өйткені, кәсіпкерлердің шығынға батып жұмыс істемесі анық. Олар бұл мәселені шешуді талап етіп, талай есікті қағыпты. Бірақ, әзірге көмек қолын созатын ешкім табылмай тұр. Ендігі үміт — облыс басшысында.