CaspianLife, 20 ақпан — Атыраудағы №30 мектеп-гимназиясында білім алатын оқушылардың ата-аналары балаларын мектепке жібергісі жоқ. Өйткені, білім ордасының қазіргі жағдайы адам шошырлықтай. Жаңбыр мен қардан төбе жабындылары құлап, іші суға толған. Қазір сабақ онлайн форматқа көшірілген. Ата-аналар оқушылардың қашықтан білім алып жатқандарына да қарсы, деп хабарлайды CaspianLife.
«Мектептің қандай жағдайда екенінен бәрі хабардар. Бірақ, ешқайсысы ғимаратты апатты деп танығысы келмейді. Өткен аптада өрт шықты. Үлкен балам осы мектепте оқыды. Қазір 2 балам білім алып жүр. 10 жылдан бері көрген күніміз осы. Мәселені ушықтырмай, тез арада шешу керек» — деді Атырау қаласының тұрғыны Екатерина Унашева.
«Мектеп әкімшілігі ауа райы жақсарып, жаңбыр тоқтағасын мектепті құрғатып оффлайн форматқа қайта көшпек. Мен бұған қарсымын. Балаларымыздың басына бірдеңе құлап, мерт қылса кім жауап береді? Оқушылардың қауіпсіздігіне толықтай жауап береміз десе, жазбаша құжат берсін. Ешқайсысы бере алмайды. Балаларымды қайтып сабаққа шақырса жібермеймін» — деді Атырау қаласының тұрғыны Нұргүл Халелова.
Білім ордасына жуықта күрделі жөндеу жасалуы мүмкін. Жобасы да дайын. Тек мемлекеттік сараптамадан өтсе болғаны.
«Қазір онлайннан басқа вариант жоқ. Ол бірден жасалатын жұмыс емес. Оған ешкімнің кінәсі жоқ. Ол жобасы сондай мектеп. Сондықтан күрделі жөндеуге үлкен қаражатты да талап етеді» — деді Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Аманбай Хұсынов.
Қалалық білім бөліміндегілер «жақсы сөз — жарым ырыс» деп отырса, ата аналар «сақтансаң, сақтармын!» деген пікірде. Дарынды балаларға арналған білім ордасында 2000 бала 2 ауысымда білім алады. Оқушыларды басқа мектепте оқыту жағы да қарастырылған. Алайда басқа білім беру ұйымдарында орын жоқ.