CaspianLife, 11 ақпан — Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Теңіз кен орнындағы жағдайға байланысты ақпарат таратты, хабарлайды CaspianLife.
Бүгін сағат 10:30-да үзіліс кезінде Теңіз кен орнының үшінші буын зауытының 42-учаскесіне тартылған «Сенімді құрылыс» ЖШС-нің 200 қызметкері жиналып, 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін жұмысқа қабылданған қызметкерлерге бір реттік сыйақыға қатысты түсіндірме беруді талап еткен.
Қазір Атырау облысы әкімінің тапсырмасы бойынша Теңіз кен орнында Жылыой ауданы әкімі Ж.Қаражановтың төрағалығымен арнайы комиссия құрылды.
Комиссия құрамында «Теңізшевройл» ЖШС өкілдері, «Сенімді құрылыс» басшылығы мен жұмысшылары, Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері бар.
Комиссия жұмысының қорытындысы қосымша хабарланады.