CaspianLife, 1 ақпан — Маңғыстауда Бейнеу аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары ұсталды, деп хабарлайды CaspianLife.
Қазір қызметінен босатылған ол Тәжікстан азаматынан 300 АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікке ілініп отыр. Осылайша шенді шетелдіктің әлі дәлелденбеген қылмыстық ісін жауып тастамақ болыпты
«Жүк көлігін тексеру кезінде оның жүргізушісінен есірткі заттары табылған. Сол себепті қылмыстық істі жабу үшін полицей ақша сұраған. Кейін іс тіркеліп, сараптамаға жіберіледі. Нәтижесінде оның есірткілік зат екені дәлелденген жоқ» — деді Маңғыстау облыстық прокуратурасының аға прокуроры Әсет Бекқайыров.
Тәжік азаматы заңсыз іс-әрекетке барған полицейдің үстінен прокуратураға арыз түсіреді. Кейін Маңғыстау облыстық жемқорлыққа қарсы қызметі де іске кірісіп, полицей пара алғаннан кейін ұсталды. Үстінен қылмыстық іс қозғалған экс-басшы қазір тергеу абақтысында отыр.