CaspianLife, 30 қаңтар — Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясында автобус апатқа ұшырап, 41 адам қаза тапты, деп хабарлайды CaspianLife.
Әлемдік ақпарат агенттіктерінің үкімет өкілдеріне сілтеме жасап хабарлауынша, автобус көпірдің тіреуішіне соғылып, жыраға құлаған және өртенген. Апат орнына барған Белуджистан провинциясындағы Ласбела округі әкімшілігі басшылығының өкілі қаза тапқандардың көбін тану мүмкін еместігін, ол ДНҚ талдауы арқылы анықталатынын жеткізді.
Автобуста 48 адам болған. Ол провинцияның әкімшілік орталығы – Кветта қаласы мен Пәкістанның оңтүстігіндегі Карачи портты қаласы арасында жүріп бара жатқан. Билік мәліметіне сәйкес, 3 адам құтқарылды. Ласбела округі әкімшілігі өкілінің айтуынша, апатқа автобус жүргізушісінің ұйықтап кетуі себеп болуы мүмкін.
Бұған дейін Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясында кеме аударылып, 10 оқушының суға батып кеткені хабарланған еді.