CaspianLife, 27 қаңтар — Маңғыстау облысына көліктердің Грузиядан контрабандалық жолмен әкелініп жатқандығы анықталды, деп хабарлайды CaspianLife.
Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерінің сөзінше, 20-дан астам машина Құрық портына арнайы көлікпен жеткізіліп, кейін Өзбекстан аумағына өткізілген. Бірақ қағаз жүзінде. Ал шындығына келгенде олар Қазақстанда сатылып кеткен. Енді осы іске қатысы бар тұлғалар заң алдында жауап бермек.
«Арнайы базаға көліктердің Өзбекстан Республикасына өтіп кеткені туралы жалған мәліметтер енгізілген. Бірақ тергеу амалдарынвң барысында 22 дана көлікті тиеген 3 дана авто тасымалдаушы Өзбекстанға өтпегені анықталды. Көліктердің барлығы Қазақстан аумағында жеке тұлғаларға сатылып кеткен» — деді Маңғыстау облыстық экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі Әлібек Түзелбаев.
2019 жылы Қазақстанға Маңғыстаудағы кеден бекеттері арқылы он мыңнан астам машинаның осындай жолмен әкелінгендігі белгілі болды. Қазіргі кезде олардың барлығының біздің елде жүру мерзімі өтіп кеткен. Ал иелері заңдастыруға асығар емес. Ал төленбеген кедендік процедуралардың жалпы сомасы 35 миллиард теңге.