CaspianLife, 28 Сәуір — Атыраулық оқушылар қоғамдық көліктерде тегін қатынауға құқылы. Мұны қалалық прокуратураның бөлім бастығы Ерлан Какиев айтты. Бұл өзгеріс құзырлы орган жүргізген талдау жұмыстарынан кейін енгізіліп отыр. Жалпы қала аумағында қатынайтын қоғамдық көліктерде карталық жүйе енгізілген сәттен бастап оқушылар автобустарға тек 2 рет тегін, ал бұдан артық жүрсе 40 теңге төлейтін енді.
«Атырау қаласының прокуратурасының ұсынымы негізінде мектеп оқушылары, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз балалар қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта жауапты қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Заң бұзушылықтар толықтай жойылды. Жетім балалардың құқығын қорғау прокурордың басты назарда екенін атап өткім келеді», — дейді Атырау қалалық прокуратурасының бөлім бастығы Ерлан Какиев.
Сонымен қатар, прокурорлар қаладағы мектеп оқушыларын тасымалдайтын автобус жүргізушілерінің Д санатты көліктерді жүргізуге құқығы жоқтығын анықтап, жұмыстан шеттетіпті. Және кейбір білім беру ордаларына тиесілі көлік құралдарының міндетті техникалық тексерістен өтпегені белгілі болған. Нәтижесінде мектептердегі 5 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.