CaspianLife, 19 сәуір — Қызылқоға ауданында жолдың арғы жақ бетінде орналасқан елді мекендермен байланыс құтқарушылардың көмегімен жүзеге асырылуда.
Аудан орталығымен байланыс жасау үшін тас жол үзілген жерде жергілікті тұрғындарды тасымалдау үшін құтқарушылармен бірге моторлы қайық қойылды. Қазіргі уақытта 671 адам, оның ішінде 19 бала тасымалданды. Сонымен қатар, елді мекендерге бағыт алған азық-түлік өнімдерінде тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылуда.
18 сәуірде құтқарушылар Миялы ауылында туған нәрестені анасымен жолдың арғы жақ бетіне аман-есен жеткізді. Жолдың арғы жағында оларды туыстары қарсы алып, Жангелдин ауылына бет алды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Атырау облысындағы Ойыл өзенінің тасып, арнасынан асуына байланысты Қызылқоға ауданында Төтенше жағдай жарияланып, Миялы ауылын су басу қаупі төнген еді.