CaspianLife, 12 сәуір — Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына қарасты Сарға ауылының тұрғындары техникалық су ішіп отыр. Себебі осыдан 5 жыл бұрын құрылысы басталған су стансасының жыры әлі күнге бітер емес.
Аяқталмай қалған жобаның биыл да іске қосылуы екіталай. бюджеттен қайта қаржы қаралып, жаңа мердігер анықталуы тиіс.
Жауапсыздықтан, уақытында қарамағандықтан. Заказ беруші кім? Бармақ басты, көз қысты. Жіберілген ақша қадағаланбайды. 5 жыл өтті. Су беріледі дегеніне. Су берсе жайлы тұрмыс, жақсы болар еді, — дейді Сарға ауылының тұрғыны Айберген Ізбасаров.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жобаны қолға алған жеке компанияға кезінде бюджеттен 427 млн теңге бөлінген екен. Бірақ істі аяқсыз қалдырған мердігер 203 млн теңгені қазынаға кері қайтарыпты.
Проект сол күйі қалады.Сметасына қайта түзетулер енгізілуі керек. Себебі баға 5 жылдан бері қымбаттап кетті. Қайта экспертизадан өтіп, қайта тендер жариялаймыз. Бұл әлі де уақыт алады, — деп атап өтті Бейнеу аудандық құрылыс бөлімі басшысының м.а Құлбек Медетов.
Жақында құрылыстың не себепті тоқтап қалғаны анықталатын болады. Өйткені жобаға жауапты адамдардың үстінен іс қозғалды.