CaspianLife, 29 наурыз — Атырауда инклюзивті театр ашылады. Театрдың ерекше әртістері жыл соңына дейін 2 сахналық қойылым мен 2 шығармашылық кеш ұйымдастырмақ.
«Біз де адамбыз» қорының басшысы Гүлназ Қосмұрзиеваның айтуынша, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арт-терапиясын жүргізу үшін инклюзивті театр ашу жобасы қолға алынған.
«Инклюзивті театр – мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен өтетін сахналық әрекет. Мұндай театрды құру идеясы қор резиденттері арасында сауалнама жүргізіліп, Атырау қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың уақытын өткізуге қолайлы орын жоқ деген қорытынды шығарғаннан кейін туындады. Тиісті жағдай жасалмаса, мүгедек адамдарды әлеуметтендіру мүмкін емес. Идея туындағаннан кейін жоба дайындап, қаржылай көмек көрсететін демеушілердің қолдауымен алғашқы қадамға кірістік. Инклюзивті театрдың көмегімен мүгедек жандарға әлеуметтік оңалту жүргізіп, олардың да қоғамның белсенді мүшесі ретіндегі бейнесін қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз», — дейді Гүлназ Қосмұрзиева.
Жаңа жобаның үйлестірушісі – арба үстіндегі биден Қазақстанның бірнеше мәрте жеңімпазы Есболат Балабаев. Оның айтуына қарағанда, инклюзивті театрда вокал, би, актерлік шеберлік, сөйлеуді түзеу және дамыту (сөйлеу шеберлігі) бағытында арнайы үйірме ашылады. Театр әртістері жыл соңына дейін 2 сахналық қойылым мен 2 шығармашылық кеш ұйымдастыруды көздеп отыр.
«Өзімнің тәжірибеме сүйеніп, шығармашылық жұмыстың теріс эмоциялармен, оқшауланумен, сондай-ақ депрессиямен күресуге көмектесетінін білемін. Сол себептен, осы жобаның жүзеге асырылатын сәтін тағатсыздана күтіп жүрмін. Ерекше әртістеріміз шығармашылық арқылы өзін түсіну, өзгелермен байланыс орнату секілді қабілетін жақсартады. Көбінесе мүгедектігі бар адамдар түрлі стереотипке еріп, жаңа әлеуметтік байланыстар орнатпайды. Бұрынғы таныстарымен байланысын үзеді. Бұл қоғам мен адамдардың өздері жасайтын жасанды кедергілер деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз – осындай кедергілерді жойып, ерекше жандардың шығармашылық әлеуетін дамыта алатын орта қалыптастыру, театрды терапияның бір түріне айналдыру», дейді Есболат Балабаев.
иллюстративті фото