CaspianLife, 15 наурыз — Амал мерекесі қарсаңында Маңғыстау облыстық перинаталдық орталықта қазақы нақыштағы босану бөлмесі ашылды.
Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Аналардың босану бөлмесі ұлттық үлгіде безендірілген. Мұны жасау идеясын ұжым болып қолға алдық. Бүгін міне, мейрам қарсаңында ашылу сәті түсіп тұр. Босануға келген әр анаға психо-эмоционалды тұрғыда ерекше әсер сыйлайды. Бұл жер жайлы, әрі жылы. Жалпы босанатын әйелдердің басым бөлігі әр отбасының келіндері. Бұл бөлме ұлтымыздың тарихымен байланыс тапқандай әсер алып, дәстүрді танып білсін, сәбилерін де ұлттық болмыспен тәрбиелеуге ұмтылсын деген мақсатта дайындалды», — деді облыстық «Ана мен бала» орталығының директоры Жапырақ Епенова.
Босану бөлмесі техникалық құралдармен толықтай жабдықталған. Заманауи үрдіс пен қазақилық ерекше үйлесім тапқан. Ұлттық дәстүріміз бен мәдениетіміздің белгісі саналатын киелі шаңырақ, киіз үйдің ішкі дүниелері, арқан жіп, бақан, жарыс қазан, домбыра бейнесі оюдың әсемдігін сақтаған.
«Айта кетсек, палатаны безендіруіміздің өзіндік себептері де бар. Басқұр бауы, ертеректе толғағы жеткен әйел бір шетін керегеге, бір шетін бақанға байлап асылып тұрып босанған. Сондай- ақ арқан мен бау, өрнектелген көрпе мен жастық, сәбиін қолына алған бақытты ана бейнесін осы бөлмеден таба аласыз. Барлық атрибуттар жүкті әйелге зиянын тигізбейтіндей етіп жасалған. Жууға, зарарсыздандыруға болады», — деді облыстық «Ана мен бала» орталығының директоры Жапырақ Епенова.