CaspianLife, 14 наурыз — Ақтаулық тұрғын «Каспий жылу, су арнасы» мекемесі жұмысшыларының 12 ықшам аудандағы үйлердің маңындағы ағаштарды кесіп жатқанына наразылық білдірді. Ол кәсіпорын қызметкерлерінің іс-әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады.
«Ойын алаңына жақын өскен ағаштар балаларды жауыннан, күннен қорғайтын еді. Осы уақытқа дейін өзім суарып, күтіп-баптадым. Енді кішкентайларға обал болды. Көп жылғы еңбегім де зая кетті», — деп налиды Елена Егорова.
«ҚЖСА» басшылығының сөзінше осы маңдағы су құбыры ауыстырылып жатқан көрінеді.
«Жұмысшылар мүмкіндігінше ағаштарға тиіспеуге тырысады, бірақ олардың кейбірі құбырлардың үстіне отырғызылғандықтан, кейбірін алып тастау керек болды», — дейді олар.
Алайда, тұрғындар мұнымен келіспейді.
«Олар тым құрығанда мұқият кесуге де тырысқан жоқ, сындырып тастады. Икемге келмеген бұталарды түбірімен қопарып алды. Қызметкерлер ескертуге де құлақ аспайды. Бұл жұмысты ағаштарға қиянат келтірмей де жасауға болатын еді» — дейді видео авторы.
Елена Егорованың айтуынша, коммуналдық мекеме жұмысшылары 10-нан астам бұта мен 5 ағашты кесіп тастаған. Енді олардың орнына көшет отырғызылады деп үміттенеді ол. Бұл іске Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері араласып, мән-жайды анықтағалы жатыр.