CaspianLife, 11 наурыз — 10 наурызда Жаңаөзен қаласында мұнай саласынан жұмыс тауып беруді талап еткен азаматтардың наразылығына 39 күн болды. Белсенді Жаңабай Нұғымановтың айтуынша, кейінгі кезде әкімдіктің алдына шамамен жүз адам жиналып жүр. Бұған дейін жергілікті билік шамамен 150 адамға жұмыс ұсынған. Белсендінің сөзіне қарағанда, ол жұмыс орындарына тұрмысы нашар отбасылар, сонымен бірге мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасы мүшелері жіберілген.
Наразыларға осыған дейін қызмет көрсету саласындағы түрлі компаниялардан жұмыс ұсынылғанмен олар бас тартқан. Себебі Нұғымановтың айтуынша, ондай орындарда істейтін жұмысшылардың өздері жалақыға жарымай отыр.
Өткен аптадан бері кемінде сегіз адам «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) бабы бойынша полицияға шақырылған. Бірақ соған қарамастан жұрт қарасы азайса да, наразылық тоқтамаған. Олар мәселені шешудің митингіден басқа жолын көрмей отырғанын айтады.
Осыған дейін Жаңаөзен билігі қалада жұмыссыздар саны 10-11 мыңға жететінін мойындаған. Наразылар құрастырған тізімде шамамен жеті мың адамның аты-жөні бар.
Еске сала кетсек, 31 қаңтардан бастап Жаңаөзенде наразылар мұнай саласынан жұмыс тауып беруді талап етіп, әкімдік алдына жиналған. Жаңаөзендегі жұмыссыздар талабын орындау үшін жергілікті билік 161 жұмыс орнын ұсынып, наурыз айынан бастап тағы да 400 жұмыс орнын ашуға уәде берген. Билік ұсынған жұмыс орындарына кейбір қала тұрғындары орналасқан.